Ресей Федерациясының азаматынан өзге елден жұқтырған денге безгегі анықталды. Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан 8 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Олар: сальмонеллез - 23%, вирустық гепатит А - 22%, жіті ішек инфекциясы - 8%, тұмау 20 есе, ЖРВИ 4 есе, бактериялық менингит – 2 есе, қызылша 7 және дизентерия 4 жағдайға өсті. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының азаматында өзге елден жұқтырған денге безгегінің жағдайы тіркелді», - деп тоқталды ол. Сархат Бейсенованың айтуынша, коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Астана қаласы өткен жылдан бері жасыл аймақта тұр. Сырқаттанушылық көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 52,7 есеге төмендеді. Қазір тәулігіне 5-15 жағдай тіркеледі.