Елімізде 4 жарым млн-ға жуық әйел жұмыс істейді. Оның 328 мыңы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Қазір жаны нәзік болғанымен, ауыр жұмыстан несібесін тауып жүрген бұрымдылар көп. Соның бірі - елордалық Бағдагүл Нарбаева. Он бес жылдан бері құрылыс саласында еңбек етіп жүрген жанмен тілшіміз тілдесті. Бағдагүл Оспанқызы 15 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда ол кранның тетігінде отырып, несібесін тауып жүр. Былтыр елордаға қоныс аударған Бағдагүл қазір қаладағы белді компанияның жұмысшысы. Ол көпқабатты тұрғын үйлердің блоктарын салуға атсалысады. Күніне 5 блокты көтеріп, түсіреді. Бағдагүл НАРБАЕВА, КРАН ЖҮРГІЗУШІСІ:Теміртау қаласында мен зауытта істегенде көбісі әйелдер, 80-90 процент әйелдер. Басында ауыр болғанда ойладым, әйелдердің қолынан келген, неге менің қолымнан келмейді деп ойладым. Енді ауыр жұмыс қой, денсаулық та кетеді. Жүйкең де тозады. Бірақ өзіме ұнайды. Енді зейнетке шыққанша істегім келеді өзім осы салада. Бағдагүл айналдырған алты айдың ішінде өз ісінің шебері екенін көрсетті, дейді әріптестері. Олар жұмыстың қиындығына қарамастан нәзікжандының өз жұмысына берілген маман екенін айтады. Жұмабек СЕЙДАЛЫҰЛЫ, ӘРІПТЕСІ:Жарты жылдан астам бірге жұмыс жасап жатырмыз. Ол қыз өте салмақты, өз жұмысына адал. Өз жұмысын біледі. Біз команда береміз. Ол түсініп, өз жұмысын жасай береді. Кейіпкеріміз жұмысының жанға жайлы болуы анасы мен бауырларының қолдауының арқасында екенін айтады. Қазір ол өзінің сүйікті ісін алаңсыз атқарып жүр.