Елордада бір тәулікте 142 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.Астана қаласының полиция департаменті ауа райының қолайсыздығына және жауын-шашынның болуына байланысты жүргізушілерді көлік жүргізу кезінде барынша мұқият және сақ болуға, жылдамдықты, қауіпсіз қашықтықты, маневр жасау ережелерін және бүйірлік қашықтықты қатаң сақтауға, сондай-ақ жол белгілерінің талаптарын бұзбауға шақырады. Жүргізушілер үшін ең қауіптісі – көліктердің тежеу қашықтығын арттыратын дымқыл асфальт екенін де ескерген дұрыс. Тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де абай болғаны жөн. Өз қауіпсіздігіңіз үшін көшелерді арнайы белгіленген жерлерден кесіп өтуге кеңес береміз. Жолды кесіп өту кезінде гаджеттерге алаңдамай, құлаққапты шешіп, жақындап келе жатқан көліктердің жоқтығына көз жеткізгеніңіз маңызды, - делінген хабарламада. Полиция қызметкерлері сонымен қатар түнде жолды кесіп өткенде, балалардың жарақаттануын болдырмау шағылыстыратын элементтерді пайдалануды ұсынды.