Елордада жалға берілген пәтерлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілмек. Бұл туралы Астана қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов айтты.«Үкіметтің оң қорытындысы бар. Яғни, «сатып алу құқығынсыз» түсінігі жойылып, адамдарға сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ, жекешелендірудің түсіндірмесі бар. Бұған дейін қалған құнымен және нарықтық бағамен сату мәселесі қарастырылған болатын. Нарықтық баға болмайтындығы сөзсіз. Қалған құнын өтейді. Қазіргі уақытта жекешелендіру тетіктері қарастырылып жатыр. Заң қабылданғанға дейін пікір білдіре алмаймын. Бірақ, жекешелендіру болады», - деді ол қалалық мәслихатта өткен жария тыңдау барысында. Оның дерегінше, қазіргі уақытта елорда әкімдігінің балансында шамамен 5 мың жалға берілген пәтер бар. Оларда халықтың осал топтары тұрып жатыр. Бұл пәтерлер сатып алу құқығынсыз берілген. Айта кетейік, бүгінде елордада 46 267 азамат баспана кезегінде тұр. Олар: көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мемлекеттік қызметшілер, халықтың әлеуметтік осал топтары, жалғыз баспанасы апатты деп танылған адамдар.