Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елордада 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1 409 497 адам тұрады, деп хабарлайды El.kz агенттігі.Олардың ішінде 1 123 297 адам сақтандырылған. 286 200 азамат МӘМС жүйесімен қамтылмай, тыс қалып отыр. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы мәлімдеді. 2023 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған Астана қаласы тұрғындарының үлесін бөліп қарастырсақ: соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдар – 56%; жұмыскерлер – 28%; жеке кәсіпкерлер – 7%; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 5%; дербес төлеушілер – 3%; БЖТ төлеушілер – 1 %; тағы басқалары – 0,2%. Қазір елорда тұрғындарының 85,6%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Яғни, қажет болған жағдайда, олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, сақтандырылмаған азаматтарымыз да бар, олардың үлесі – 14,4%-ды құрайды, басқаша айтсақ, 286 200 азамат түрлі себептермен жүйеден тыс қалған. Олардың ішінде тұрақты төлем жүргізбейтіндері – 83 732. Осы не басқа да түрлі себептермен олар МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады, әрине. Бірақ МӘМС жүйесінде сақтандырылмауы азаматтардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады, - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Жасұланұлы Бекмұхамбетов. Естеріңізге салсақ, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылған. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады. Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді олар жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.