Дәрігерлер салмағы 160 кг жеткен келіншектерге науқас ретінде қарауға мәжбүр. Ақ халаттылар артық салмақтан өз бетінше арыла алмаған жандардың өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтуда. KAZ.NUR.KZ тілшісі осындай операциялардың қалай жасалатынын көріп қайтты. Ақтөбе медицина орталығының хирург дәрігері Жанәділ Әлмырзаұлының айтуынша, соңғы кезде семіздікке шалдыққандардың өмірін сақтап қалу үшін жасалатын операция көбейген."Бұл – емнің соңғы сатысы. Науқас алдымен бақылауға алынады. Жаттығулар мен диеталардың көмегі болмаған кезде емдік мақсатта операция жасалады. Қант диабеті мен семіздік бірге жүрген уақытта адам өмірін сақтап қалудың бір жолы болып саналады. Жылдан жылға артық салмақтың алдын алуға қарсы оталар көбейіп барады. Өткен аптада артық салмағы бар адамға ота жасалды. Бүгін тағы сондай науқас ота үстеліне келеді. Науқасты емдеу мақсатында жасаймыз. Артық салмақ шамадан тыс тамақтану, қозғалыстың азаюынан болады", - дейді хирург Жанәділ Әлмырзаұлы. Айтуынша, ел тұрғындарың 3-4 пайызында семіздік бар. Соңғы үш жылда елімізде семіздікті емдеуге арналған қымбат операциялар тегін жасалып жүр. Салмағын хирургиялық жолмен реттеуге келетіндердің дені - 20-50 жас аралығындағы келіншектер. Олар 150-160 кг дейін салмақ қосып, қозғалуы қиындаған."Операция ақысыз. Науқас бірінші толық тексеруден өтеді. Диета ұстайды, физикалық жүктемелермен жаттығу жасайды. Нәтиже болмаған жағдайда операция үстеліне аламыз. Психологиялық тұрғыдан дайындалады. Асқазанның үлкен иінін кесіп алып тастап, кіші иін ғана өңешке жалғанып тұрады. Бұл кезде асқазан трубка тәріздес болып қалады. Аз тамақтанғанның өзінде бірден тойғандай сезім болады. Осылайша салмағы азаяды. Адам өмірін сақтап қалу, емдеу әдісі ретінде жасалған шара. Адамда артық салмақ болғанда тізе буыны ауырады. Ота жасағаннан кейін салмағы азайып, тізе ауырсынуы да кетеді", - дейді хирург. Ақтөбеде 160 келіге дейін артық салмақ қосып, операция жасалғандардың ең жасы - 27 жастағы әйел адам.