Сенаторлар Еңбек кодексіне түзету енгізді. Оған сай жұмыс берушілер енді қызметкерлерді жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін олардың келісімімен ғана шақыра алады, деп хабарлайды Zakon.kz.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жұмыс берушілер жұмысшыларды олардың келісімінсіз жұмыс уақытынан кейін жұмысқа тарта алмайды. "Жұмысберуші мейрам күндері немесе жұмыстан кейінгі уақытта қызметкерді жұмысқа тартса, онда ол жұмысберушіге хабарлама беруі керек. Одан соң жұмыскердің өзі қалаймын немесе қаламаймын, мереке күні жұмысқа шыға алмаймын деп жазуы мүмкін. Бірақ бірден айтайын бұл Төтенше жағдайға, жедел жәрдемге қатысты нәрсе емес. Еңбек кодексімен қабылданғандықтан бұл ереже барлық компанияға жүреді. Себебі еңбек шартында жұмысшы сағат қаншадан қаншаға дейін жұмыс істейтіні көрсетіледі. Еңбек шартында қандай уақыт жазылса, сол уақытта жұмыс істеуі шарт", - деді Тамара Дүйсенова. Журналистер осыған байланысты келіспеу болған жағдайда жұмысшылар өз құқығын қалай қорғайтынын сұрады. Себебі кейде қызметкерлер басқа себептермен жұмыстан босатылуы мүмкін. "Еңбек шарты бар, онда жұмыс уақыты көрсетілген. Бұл норма Еңбек кодексінде болады. Әр адам өз кәсіпорны қандай жағдайда екенін біледі, соған қарай бас тарта алады немесе келісе алады. Сондықтан біз қызметкердің құқығын өзіне қалдырамыз", деді Тамара Дүйсенова. Түзету жиында қабылданған жаңа Әлеуметтік кодекстің ілеспесі болып есептеледі.