Қазақстанда кәсіпкерліктің 364 түріне арнайы салық салынатын болды, деп хабарлады «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.Енді бөлшек салықтың арнайы салық режимі кәсіпкерліктің 364 қызмет түріне таралады. Бұған дейін тізбеде тек 190 қызмет түрі болған. Тауарларды сатуға және жеке тұлғаларға қызмет көрсетуге бағытталған қызметтердің жалпы жіктеуіштерінен (ЭҚЖЖ) басқа, тізімге тауарларды өндіру және қайта өңдеу, жөндеуге байланысты қызмет түрлері, электр монтаждау жұмыстары сияқты қызметтер енгізілді. Тиісті қаулы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күннен соң (2024 жылғы 15 қаңтардан бастап) күшіне енеді. Бөлшек салық мынадай мөлшерлеме бойынша төленеді: Тауарды жеке тұлғаларға сатқан кезде – 4%; Заңды тұлғалармен мәмілелер бойынша – 8%. Бұл ретте мәслихаттарға жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарларға бөлшек салық мөлшерлемесін 50%-ға дейін төмендету құқығы берілген.