10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында визасыз режим қолданылады. Осыған байланысты Қазақстаннан Қытайға баратын рейстер көбеймек.ҚР Көлік министрлігі мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әуекомпаниялармен бірлесіп әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында елдер арасындағы рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс істеп жатыр. Осылайша, Air Astana әуекомпаниясы 2023-2024 жж. күзгі-қысқы маусымда жолаушылар ағынының өсуіне қарай мына бағыттар бойынша рейстерді ұлғайтуды жоспарлап отыр: Алматы-Пекин: аптасына 6-дан 7 рейске дейін; Астана-Пекин: аптасына 1-ден 3 рейске дейін; Алматы-Үрімші: аптасына 2-ден 7 рейске дейін. "Сонымен қатар келесі жылы Air Astana әуекомпаниясы Қытайдың Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, қытайлық "Air Logistics" жүк әуекомпаниясы ағымдағы жылдың қараша айынан бастап Алматы – Сиань бағыты бойынша тұрақты жүк рейстерін іске қосуды жоспарлап отыр", - делінген министрлік хабарламасында.