Мәжіліс тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.Заңда мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери борышын өтеу кезінде, адам өмірін сақтап қалу және құқықтық тәртіпті сақтау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына тұрғын үй беру ұсынылып отыр. Жергілікті атқарушы органдар осы санаттағы азаматтарды қызметкер қайтыс болған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті болады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы 1 және 2 топтағы мүгедектерге, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағымен, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға, көп балалы отбасылар мен жесірлерге беріледі. Бұл топқа Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен соларға теңестірілген басқа да әскери қимыл ардагерлері кіреді, - деді Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ұлықбек Тұмашинов. Депутаттың сөзінше, бұдан бөлек халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарының тізімі кеңейтіледі. «Жесірлер» санаты жеке тәуелсіз санатқа бөлінеді. Түзетулер асыраушысынан айырылғандардың мүдделерін қорғау үшін енгізіліп жатыр.