Енді несиесін 90 күн төлемеген азаматтарға кредит берілмейді. Өйткені, халықтың банк алдындағы берешегі 19 трлн теңгеден асып кетті. 8,5 миллион адам қарызға белшеден батқан. Әсіресе, микрокаржы ұйымдарынан ақша алып, төлемей жүрген жас көп. Дені – студенттер. Олардың мәселесін шешу үшін онлайн несие беретін компаниялар жабылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары бүгін кредит беруге қатысты Заң жобасын талқылады.Елімізде 1,6 млн адам несиесін өтей алмай жүр. Олардың банк алдындағы берешегі - 1,7 трлн теңге. Жұрт қарызға неге сонша құнығып алды?! Әуелі – шарасыздықтан, - дейді көбі. Бірақ қақпанын қалтаңа салып беретін банктің пайызын кім есептеп жатыр? Айызы қанғанша ақшасын екі еселеп суырып алатын қаржы ұйымдарына енді талап күшейеді. Банктер азаматтың қарызы 5 миллион теңгеден аспаса ғана кредит рәсімдей алады. Ал жастардың банктен ақша алуы, тіпті, қиындай түседі. Қазір 18-21 жас арасындағы 480 мың азаматтың берешегі бар. Енді студент несие алатын болса, оның ай сайынғы табысының 50 пайызы оны өтей алуы керек. Үнзила ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2023 жылғы 20 қазанда мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселелері бойынша Парламенттік тыңдау өтті. Тұрмыстық тығырықтан құтқарар тетік – кредит. Жұрт осылай дейді де, айлықтан айлыққа жеткенше қосымша микронесиеге бас сұғады. Әсіресе, соңғы екі жылда онлайн ақша алатындардың саны 2 есе өскен. Сұраныс көп болған сайын олардың саны да артып барады. Қазір 60 компания бар. Депутаттар ақшаны бергенше барым дейтін, қайтарып алғанша жанын жейтін мұндай орындарды түп-тамырымен жоюды ұсынып отыр. Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:Қазір онлайн микрокредит секторында 227 мың адамның проблемалық кредиті бар. Бұл бүкіл микроқаржы ұйымының секторының проблемалық қарыз алушылар санынан 80 пайызына тең. Бұл – өте жоғары. Қарыз төленбесе коллекторлық компанияға өтеді. Қазір 890 мың тұрғынның мәселесі осы агенттікке берілген. Депутаттар мұның дұрыс емес екенін айтады. 2 жылдан кейін ғана өткізілуі тиіс деп санайды. Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:Коллекторларға қарапайым азаматтардың қарызын банктегі және микроқаржы ұйымындағы қарызын сатпау керек деген норма айтып едім. Бірақ сіздің агенттіктің қызметкерлері бұған қарсы болып жатыр. Коллекторлардың қызметі қалай жүзеге асатынын білеміз. Бізде 184 коллекторлық компания бар. Сонын үштен бірі кредитті қаржылық ұйымнан сатып алмай жұмыс істейді. Бұған дейін несиесін төлей алмай жүргендер банкроттыққа өтініш тастай алатыны туралы айтылған. Содан бері 84 мың өтініш түсті. 9,5 мың азаматқа қатысты шешім шықты. Олардың қарызы – 19 млрд теңге. Енді бұл рәсім бұрыңғыдан да жеңілдейді. Ержан БІРЖАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:Банкроттық бойынша өтініші кері қайтқандардың көбі құжаттарды дұрыс өткізбейді. Қазір өтініш тапсыру жолын жеңілдетіп жатырмыз. Онлайн қабылаймыз. Біз үшін тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – маңызды. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы негізінде бүкіл кредит бойынша дау-жанжалды коллекторлық компания емес банк омбудсмені реттеуге міндетті. Демек көп ұзамай күн-түн демей хабарласып, намысқа тиетін әлгі коллекторлардың қысымынан құтылуымыз мүмкін.