"Ажыраспа" жобасының негізін қалаушы және блогер Айна Досмахамбетқызы "Мамский әңгіме" подкастында бұрынғы ата-енесімен қарым-қатынасы жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.Подкаст жүргізушісі блогерден "мен енеммен дұрыс қарым-қатынас жасауға тырыстым, ал күйеуім екінші орынға түсіп қалды" деп айтқан сөзіне толығырақ тоқталуын сұрады."Иә, шынымен де солай болды. Мен әрқашан ата-енемнің қас-қабағына қарап жүретінмін. Мен жалпы үлкендердің қас-қабағына қарап өскен адаммын. Мысалы, мені анам үлкендерге ренжуге болмайды деп тәрбиеледі. Сен соны бойыңа сіңіріп алғансың да, ересек адам - сеннен үлкен адам дұрыс емес бірдеңе жасап, сені ренжітсе де, сен де оған ренжуге болмайды деген блок тұрады, демек мен өзім кінәлімін. Мен солай өскен адаммын. Мен ешқашан өзімнің мінезімді көрсетіп, айқай-шу шығарып көрген емеспін. Тіпті, күйеуіммен ұрысып қалсақ та ата-енемнің алдында ұрыспағандай күйде боламын. Ал ол көрсетіп жүре беретін. Әкеміз, анамыз уайымдамасын, одан да көрсетпей-ақ қояйық дейтінмін.Мен өзімнің қалауымды, шынымен де не сезініп жүргенімді күйеуіме де, енеме де айта алмайтынмын. Ажырасқаннан кейін ғана ойлап қарағанда мен бүкіл 5 жыл бойы енеме тұрмысқа шыққан сияқтымын. Себебі отбасылық проблема болса, мен оны күйеуіммен шешпеймін, енеммен шешемін. Бір сұрақтар болса, күйеуіммен шешпеймін, енеммен шешемін", - деді Айна Досмахамбетқызы. Блогер үшінші баласын босанғаннан кейін перзентханаға да енесі келгенін айтты."Босанған кезде енем келді. Ертең сені шығарып алайық деді. Сол кезде енемді қатты аядым. Не үшін сіз менің артымнан сонша жүгіріп жүрсіз, ал оған бәрібір. Ол келсе, айқай-шу шығарады немесе ажырасайық деп келеді. Неге біздің отбасымыз сізге ғана керек, ал оған керек емес? Сол нәрсе мені қынжылтты. Мен ол (енем) үшін қайта орала алатын едім. Себебі мен 5 жыл бойы ол үшін көп нәрсе жасадым. Мен оның маған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, маған берген ақылын ұмытпаймын, маған оның жамандығы тиген жоқ. Ол өз ұлын қатты жақсы көреді. Сол жақсы көргенінің әсерінен біздің отбасымызға зиян келтіретінін ойламай бірдеңе жасаған шығар. Бірақ әдейі емес. Кім ажырассын деп жасайды. Сондықтан маған келгенде бұлай айту қиын болды. Мен сізбен бармаймын, ол келіп алып кетсе, барамын дедім. Сол кезде енем "мен үлкен басыммен келіп тұрдым, ал сен бармаймын дедің" деп маған қатты ренжіді. Ал маған бұл нәрсені айту да қиын болды. Мен қазір сол қадамға барсам, өмір бойы солай болатынын білдім", - деді ол.