Аустралиядағы Квинсленд штатының тұрғыны қомақты қаржы жасырылған диванды қайырымдылық дүкеніне беріп жіберген. Ақшасынан айырылғанын ол бірнеше аптадан соң біліпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.2023 жылдың басында ер адам кішірек үйге көшкендіктен сұр-қоңыр түсті диванын қайырымдылық дүкеніне берген. Ол үйінде бес секциялы диванның тек екеуін қалдырыпты.Дивандағы жастыққа ақша жасырғаны тек бірнеше апта өткен соң есіне түскен. Ол 30 мың аустралиялық долларды үйінде қалдырған секциялардың бірінде деп ойлаған. Алайда қателесіп, дүкенге дәл ақша салынған секцияны беріпті. Бірден дүкенмен хабарласқанда оған диванды бергеннен кейін бірнеше күннен соң алып кеткенін айтыпты. Сатып алушы жиһазды өзі жеткізгендіктен, мекенжайы да сақталмаған. "Ең өкініштісі, ақшаны өзім бердім. Қандай ақымақтық жасағаныма сене алмаймын", – деп жазды ол. Ақшаны қайтара алмайтынын біле тұра ол әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Әрі қаржыны мұқтаж адам алды деп үміттенеді. "Көмекке мұқтаж адамдар өте көп. Бәлкім, бұл ақша біреудің өмірін өзгерткен шығар", деп қосты ол.