Түркістан облысының прокурорлары мүгедектігі бар 80 колледж студенттерінің құқықтарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.Түркістан облысының прокуратурасы Кентау қаласында орналаcқан "Арнайы кәсіптік колледжде" оқитын 80 ерекше баланың құқықтары өрескел бұзылғанын анықтады. Бұл колледж - еліміздегі жалғыз мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін құрылған мекеме. Прокурорлық тексерістің арқасында колледж басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды. Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды. Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен медициналық препараттарды қолданған. Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған, - делінген Түркістан облыстық прокуратурасының хабарламасында. Тексеру нәтижесіне сәйкес заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне 5 прокурорлық ден қою актісін енгізді.