Еріктілер Абай облысындағы орман өртіне қарсы күреске белсенді қатысып, майданда күресіп жүргендерге көмек көрсетуде. Олардың негізгі міндеті – өрт сөндірушілерге ыстық тамақты ұйымдастыру және жеткізу. Бұл туралы облыс әкімдігі ресми сайтында хабарлады. Өрт сөндіру бригадаларының жұмысқа қабілеттілігін қолдау үшін еріктілер ауданның ауылдық округтерінен ыстық тамақ дайындап жеткізіп жатқаны айтылған. "Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауының арқасында бүгінгі таңда 1000 литр таза ауыз су, 200 кг қой еті, 200 кг жарма, 5 қорап консервілер, 1000 нан өнімдері, 50 кг пияз және басқа да қажетті өнімдер қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар 4 тонна ауыз су берді", – делінген хабарламада. Жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар өрт сөндірушілерге ауыз су, пластикалық ыдыс-аяқ, азық-түлік және жеке күтім құралдарын ұсынуда. Еріктілер Бородулиха және Успенка ауылдарында орналасқан далалық асүйлердің жұмысына көмектесуде. Ыстық тамақты үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге шамамен 40 жеке көлік пайдаланатын 80-ге жуық еріктілер қатысуда. Семей қаласының тұрғындары да бұл шарадан тыс қалмаған. Өрт аймағында тек дайындалған мамандар жұмыс істеп жатқаны және қазіргі уақытта қосымша жұмыс күшіне қажеттілік жоқтығы айтылған.