Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне қайта тағайындалды.«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды», — делінген Ақорданың сайтында. Айта кетейік, Ерлан Нұралыұлы 1961 жылы Алматы облысында туған. Қазақ ауылшаруашылық институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Алматы облысында Ұйғыр орман шаруашылығының шебері болып бастаған. 1984-1989 жылдары Алматы облысы Ұйғыр аудандық комитетінде нұсқаушы, Ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеген. 1989-1991 жылдар аралығында Алматы облыстық комитеті Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі болған. 1991-2004 жылдары коммерциялық ұйымдар құрылымында жұмыс істеді. 2004-2009 жылдар аралығында «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ-да басшылық лауазымдар атқарған. 2009 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 2013-2014 жылдары ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрінің орынбасары қызметін атқарған. 2014-2021 жылдары — ҚР ауыл шаруашылығы, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары. 2021-2023 жылдар аралығында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар басқармасы төрағасының орынбасары лауазымында қызмет атқарған. 2023 жылғы наурыздан бастап — Астана қаласы әкімінің кеңесшісі. 2023 жылғы 5 қыркүйекте ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды.