"АМАNАТ" фракциясының мүшелері Ертістегі кеме қатынасын жандандыру жобасын әзірлеуде. Жоба жүзеге асса бірнеше облыс ең қысқа жол арқылы ең арзан көлікпен жүк тасымалдай алады. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын өзен бойымен 250-ден астам кеме жүзіп, бір ғана Шығыс Қазақстандағы «Ертіс» кеме қатынасы 10 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдаған. Енді бұл көрсеткішті айтарлықтай ұлғайтып, халықаралық деңгейге жеткізуге болады. Ол үшін алдымен тереңдету жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ, Тұғыл ауылында көліктік-логистикалық хаб салу мәселесі қарастырылуда. Ал тағы бір су электро станциасының салынуы елорданы жеткілікті су мөлшерімен қамтамасыз ете алады дейді депутат. Ұлықбек ТҰМАШИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Өткен жылы Астанада су тапшылығы болды. Павлодарда қуаңшылық, су шалғындары болды, өйткені суды реттейтін технология болған жоқ. Бізге су электр станциясын салу керек. Ертіс – Қазақстанның кеме жүзетін ең үлкен өзені. Ал бүгін біз оны қалай пайдалану керектігін ойлауымыз керек.