Елімізге танымал әншілер Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали отбасылық өмірі туралы баяндап, арасындағы ел білмейтін жайттарға тоқталды, деп хабарлайды "Ұйқым келмейді" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.Айқын үйдегі кезекті түсініспеушілік кезінде әйеліне арнап ән жазғанын айтты."Коронавирус кезінде достармен отырып, карта ойнайтынбыз. Сондай күндердің бірінде картаның қызығына түсіп, таңғы онға дейін отыра беріппін. Үйге келген соң, Жұлдыз бастады. "Мүмкін, басқа біреуің бар шығар?", - деген сұрақтар кетті. Сол кезде: "Сенші маған, жаным, шын айтам", - дедім. Сол сөзден соң 20 минут ішінде осы ән туындады. "Түсінбесең де, менің жанымды" деген әнді де Жұлдызбен ұрсысып қалған соң жақсы айтып шықтым. Эмоция сыйлады маған. Егер мен ренжісем, көпке дейін сөйлемеймін. Маған ешкім жақындамау керек. Белгілі бір уақыттан кейін: "келші" деймін", - деді Айқын.Жұлдыздың айтуынша, олар ара-қатынасы енді басталған тұста жиі ұрсысып қалған."Алғашында тәжірибе жоқ болған соң, өзіңді естірту үшін айта бересің. "Сен мені жақсы көрмейсің, құрметтемейсің", - деп кететінмін. Кейін менің жүйкем маған керек екенін түсіндім. Одан бөлек, қазір екі бала бар. Біздің дауысымыз шығып кетсе, олардың көзі бақырайып кетеді. Бірақ біздің үйде бір ереже бар. Ұрсысып қалсақ та, ешқашан бөлек жатпаймыз", - деді Жұлдыз Өмірғали.Айқын отбасылық ұрыс-керіс кезінде өзін жеңе алмайтынын келіншегіне ескертіп айтқан."Мен оған "ұрсысқанда мені жеңе алмайсың" деп айтқам. Одан да керек нәрсеңді алдап, алып ал деймін. Қыздар жігіттерді алдау керек. Ал бөлек жатып қалсақ, ұлым Санжар қолымнан ұстап әкеледі. Сөйтіп, бәріміз бірге жатамыз", - деді Айқын.