Ес кетіретін есірткіні тыю мүмкін болмай барады. Елімізде соңғы 10 айдың ішінде 3 мыңнан астам адам сотталып, 100 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Онымен қоса, 75 есірткі жасайтын жасырын зертхана анықталған. Үлестірушілер арасында шетелдіктерден бөлек, еліміздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Соңғы 5 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт өскен. Дүниежүзінде мыңнан астам есірткі түрі бар десек, оның 700-ге жуығы елде бар. Ең өкініштісі, ауыр қылмысқа жастар мен жасөспірімдердің әуес. Кәмелетке толмаған 6 бала сотталып, 26 жасөспірімге қатысты іс қозғалған. Ержан САДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: Қоғамда есірткі «жасырушыларды» үшін жазалаудың тым қатаңдығы туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл жастар мен жасөспірімдерді осы салаға белсенді тартумен байланысты. Шынымен есірткі өткізушінің «портреті» өзгерген. Қылмыстың алдын алу үшін синтетикалық есірткі бизнесімен күреске арналған бөлімшелер құрылмақ. Бұл ретте министр тиісті ұсыныстар Үкіметпен келісілгенін және өкілетті органдардың қарауына енгізілгенін айтты. Алайда, министрліктің жұмысына сын айтқан депутаттар, алдағы жоспарда еш нақтылық жоқ деп шүйлікті. Бұлай жалғаса берсе, қылмыс та, қылмыстық топ та азаймайды дейді. Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Шынын айту керек, жоспар мүлдем көңілден шыққан жоқ. Негізінен, өте әлсіз деуге болады. Неге? Өткені, нақтылық аз. Осыған қатысты жоспар декларативті болып қала ма деп қорқамын. Индикаторларға келетін болсақ, айналдырған 8 индикатор бар. Медициналық оңалтумен қамту 2023 жылы 26 пайыз болса, 2025 жылы 30 пайызға жетеді дейді. Мұндай әлсіз, біржақты, қолжетімді индикаторларды неге қоямыз. Есірткімен күресті ғылыми зерттеулерсіз жүргізу мүмкін емес. Оны біз толық білуіміз керек. Қазақстанда есірткінің жыл сайынғы заңсыз айналымы шамамен 25 тонна, оның 95 проценттен астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі. Елімізде өткен жылы есірткі қылмысы үшін сотталғандар саны 3 жарым мыңға жетсе, биыл 10 айда шамамен 3200 адам. Мәжіліс төрағасының орынбасары салада бірқатар шешілмеген проблема бар дейді. Дания ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ: Бұл елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы. 2018 жылғы қарашада Парламент есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымын бақылауға қатысты заңнамалық түзетулерді қабылдады. Осы Заңда Үкіметке Есірткі мен психотроптық заттар тізімін бекіту құзыреті берілді, бұл осы тізімге жаңадан анықталған есірткіні жедел енгізуге мүмкіндік берді. Синтетикалық есірткіні өндіру мен есірткі зертханаларын ұйымдастырғаны үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер әзірленді. Қазір есірткіні өткізу мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені әрі қайта өңдегені үшін жауапкершілік санкциясы - 10 жылдан 15 жылға дейін болса, енді ол 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылмақ.