Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында бүгін Қазақстан құрамасы Словенияны қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ел құрамасы құрлықтық додада H тобында сынға түседі. Қарсыластары - Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино. Қазақстан-Словения қездесуі бүгін, елордадағы «Астана - Арена» стадионында сағат 21.00-де басталады. Тікелей эфирде«Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі. Кездесуде швециялық Гленн Нюберг бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Махбод Беиджи мен Андреас Седерквист көмекшілік жасайды. Словения - Қазақстан құрамасының Еуропа құрлығындағы 41-қарсыласы болмақ. Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропадағы 40 құрамамен күш сынасты. Әзірге қазақстандықтар олардан Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн, Люксембург, Норвегия, Солтүстік Ирландия, Солтүстік Македония, Уэльс және Швейцария құрамаларымен ойнаған жоқ. Словения құрамасы FIFA рейтингінде 62-орында тұр. Олардың құрамында Еуропаның алдыңғы қатарлы клубтарында доп тебетін қақпашы Ян Облак, жартылай қорғаушы Йосип Иличич, шабуылшы Андраж Шпорар секілді футболшылар бар. Сондай-ақ аталған топта Дания - Финляндия, Сан-Марино - Солтүстік Ирландия құрамалары шеберлік байқасады. Ал С тобында Италия -Англия, Солтүстік Македония - Мальта жасыл алаңға шықса, J тобында Португалия - Лихтенштейн, Босния мен Герцоговина - Исландия, Словакия - Люксембург ойнайды. Айта кетейік, Астанадағы бүгінгі матчтан кейін жанкүйерлер үшін қосымша автобустар қатынайтын болады.