UEFA Еуропа лигасы 1/16 финалындағы 4 ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жанкүйерлер олардың арасынан «Барселона» (Испания) және «Манчестер Юнайтед» (Англия) кездесуіне көз тікті. Еуропа құрлығындағы алдыңғы қатарлы клубтар саналатын олар биыл осылайша жарыстың аталған сатысында шеберлік байқасуға мәжбүр болды. Ойынның бірінші кезеңінде қос команда тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Соған қарамастан таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Екінші кезеңде «Барселона» сапынан Маркос Алонсо 50-минутта есеп ашты. Ойынның 53-минутында ағылшындық клубтан Маркус Рашфорд таразы басын теңестірсе, 59-минутта испаниялық командадан Жюль Кунде өз қақпасына гол соғып алды. Ал 76-минутта «Барселона» футболшысы Рафинья мергендік танытты. Осылайша, кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Қалған 3 жұптың ойын нәтижелері: «Аякс» (Нидерланды) - «Унион Берлин» (Германия) - 0:0 «Шахтер Донецк» (Украина) - Ренн (Франция) - 2:1 «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) - «Рома» (Италия) - 1:0 Сондай-ақ, бүгін елорда уақытымен 02:00-де «Спортинг Лиссабон» (Португалия) - «Мидтьюлланн» (Дания), «Ювентус» (Италия) - «Нант» (Франция, «Севилья» (Испания) - ПСВ (Нидерланды), «Байер» (Германия) - «Монако» (Франция) командалары ойнайды. Қарымта кездесу 23 ақпанға белгіленген.