Air Astana компаниясының хабарлауынша осы кезде халықаралық әуе компанияларының көпшілігі қауіпсіздік мақсатында Тель-Авивтен ұшатын рейстерді тоқтатты. Соған қарамастан Эйр-Астана Тель-Авивтен кеткісі келетін азаматтар үшін балама жолдардың барлығын қарастырып жатыр. Компанияның хабарлауынша, ондай жолдар көп емес. Ұшуға тыйым салынған Тель-Авив-Алматы бағытындағы КС650 рейсіне 138 адам билет алған. Оның 37-сі Қазақстан азаматтары. Қазақстанның 7 азаматы Air Astana компаниясының интерлайн-серіктесінің рейсіне ауыстырылды. Сондай-ақ 19 адам билет құнының толығымен қайтарылуын талап етсе, 3 жолаушы әлі нақты шешімге келе алмай отыр. Әуе компаниясы сонымен қатар ұшуына тыйым салынған Алматы-Тель-Авив бағытындағы КС 649 рейсінің жолаушыларының басқа ұшаққа билет алуына қолғабыс етіп жатыр. Бұл ретте оларға өздерінің қалауы бойынша Түркия мен Грузияға ұшу ұсынылды. Осылармен қатар компанияда ел азаматтарының Қазақстанның Израильдегі елшілігімен WhatsApp чат арқылы хабарласуына қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беретін қызметкер бекітілді. Сондай-ақ Израильден ұшып кетумен байланысты мәселелер бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылды. +7 (727) 244 44 78 (телефон) және +7 702 702 0074 (WhatsApp). Air Astana Израильден ұшып кетуге ниет білдірген қазақстандықтардың барлығының елге оралуын қамтамасыз етуге күш салып отыр. «Жолаушыларды Израильде жүрген кезде қауіпсіздік талаптарын сақтап, әуе компаниясының жаңалықтарына құлақ түріп жүруге шақырамыз»,-делінген хабарламада. Осыған дейін Air Astana компаниясының Тель-Авив рейстеріне билет сатуды уақытша тоқтатқанын хабарладық. Сондай-ақ Алматыдан Тель-Авивке ұшуға тиіс болған КС649 рейсі тоқтатылғанын жаздық.