Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Тараптар шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі деді Президент. Айта кетейік, биыл екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына- 15 жыл. Бекболат САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ: Бұл- Франция президенті Эмманюэль Макронның қазақ даласына алғашқы сапары. Оны өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев францияға жасаған сапарында елге шақырған еді. Онда да тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту барысында келіссөздер жүргізген болатын. Бұл жолы да екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүрігізеді. "Ақорда" резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макронды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұраны шырқалды. Президенттер алдымен шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Франция -Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі. Міндет-мемлекеттер арасындағы байланысты онан әрі арттыру, алыс-берісті көбейту. Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестікті дамыта түсуге мүдделі екенін айтты. Эмманюэль МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Мұнан соң мемлекеттер басшылары келіссөздерді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды. Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Елімізде энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады Келіссөз барысында тараптар жасыл энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да жандана түспек. Эмманюэль МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым салаларында нақты келісім бар. Елімізде 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті ашылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, университет Қазақстан-Германия университетіне ұқсас құрылады. Оны зерттеу үшін жеке жұмыс тобы құрылады. Сондай-ақ, тараптар Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен келісімге қол қойды. Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ: Қазақстан Республикасында алғаш рет электр энергиясын сақтау технологиялары қолданылады, бұл тұрақсыз жаңартылатын энергияның Қазақстанның энергетика жүйесіне әсерін азайтуға көмектеседі. Сапар барысында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылады. "Total Energies", "Самұрық-Қазына", "ҚазМұнайГаз" компаниялары жобаны жүзеге асыруға жауапты болады". Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Осы ретте Стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Boehringer Ingelheim,Total Energies, Alstom компанияларымен келісімдерге қол жеткіздік. Оған жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл келісімдер екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жоспарланған шараларды тиімді іске асыру мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды министрліктер деңгейінде ілгерілету керек. Ол үшін арнаулы жұмыс тобын құруды ұсындым. Кездесудің нәтижесінде тараптар маңызды 6 құжатқа қол қойып, өзара уағдаластық жасады. Франция президенті Эмманюэль Макрон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Париждегі бейбітшілік форумына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды. Президент ол шақыруды қабыл алғанын айтты.