Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына футболдан Қазақстан құрамасының ойыншылары толық құрамда жиналды, - деп жазды КАЗИНФОРМ. Ел құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Грекияға қарсы ойынға 19 наурызда аттанады. Оқу-жаттығу жиынына соңғы болып Ресейдің «Зенит» командасының қорғаушысы Нұралы Әліп қосылды. Қорғаушы 2018 жылдан бері ұлттық құрама сапында ойын көрсетіп келеді. Қазірге дейін 30 кездесуге қатысты. Әзірге қарсыластар қақпасына гол соға алған жоқ. Оқу-жаттығу жиыны аясында қазақстандық футболшылар Түрікменстанмен өткен жолдастық кездесуде қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Кейіннен оқу-жаттығу жиынына Бактиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов қосылды. Айта кетсек, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады. Жеңімпаз құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алады. Қазақстандық футболшылар құрлықтық доданың іріктеу сатысында H тобында сынға түсіп, үшінші орынға тұрақтады. Олар барлығы 18 ұпай жинап, ұлттық құраманың рекордын жаңартты.