Ғаламтордағы күлімсіреген смайликтің 30 жылдан астам тарихы бар. Оны ең алғаш рет американдық компьютер ғалымы Скотт Фалман жіберген. Қазір әлемде 4 миллиард электрондық пошта мекенжайлары қолданылады. Күн сайын осы беттерден шамамен 190 миллиард электрондық хат жіберіледі. Бүгін - Халықаралық интернет күніне орай Динара Жақсыбайқызы бейнематериал әзірледі. Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Күн ұзаққа әлеуметтік желіде отырмын. Әр минут сайын жаңа бейнелер, ақпараттар қосылып жатыр. Қарап тауысу мүмкін емес. Ютубтағы видеолардың барлығын көретін болсам 16 жыл бір орында тапшылмай отыруым керек екен. Қазір ғаламторды қарамайтын адам кемде-кем. Сабақты осында оқимыз, баланы интернетпен тәрбиелейміз. Балға мен шегені дұрыс ұстау, қара суды қалай қайнатуды да осы ғаламтордан қараймыз. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Қазір 11 сынып оқимыз, сондықтан сабақ оқу үшін бізге интернет өте қажет. - Қазір интернетсіз өмір сүру мүмкін емес ғой. - Көп отырамын. Жақсы болды ғой қазір интернет. Пайдалы жағы да бар, зиян жағы да бар. - Енді интернетсіз қазір ешкім өмір сүре алмайтын сияқты. Электрондық энциклопедияның мәліметтеріне сәйкес, былтыр интернетті 5 800 000 000 адам пайдаланған – бұл бүкіл әлем халқының 72,06 пайызы. Жалпы интернет 1991 жылы жалпыға қолжетімді болды. Статистикалық зерттеулерге сәйкес, интернеттің ең белсенді қолданушылары – филиппиндіктер, белсенділігі аз қолданушылар – жапондықтар. Өңделетін іздеу сұрауларының саны бойынша Google көш бастап тұр – күніне 7 миллиардтан астам. Бұл әлемдегі барлық іздеу сұрауларының 91 пайыздан астамы. Google компаниясының Қазақстандағы агенті Нұржол Табиғатпен тілдесу үшін бізде интернеттің көмегіне жүгіндік. Бірнеше жылдан бері елдегі біраз сайттарды жасауға көмектескен маманмен зум арқылы тілдестік. Нұржол ТАБИҒАТ, GOOGLE КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АГЕНТІ: Жалпы менің интернетті қолданып келе жатқаныма 20 жылға жуық уақыт болды. Қазір бұрынғыдай емес, мүмкіндік көп ашылған қазір. Одан кейін интернетпен білім алуға болады. Дамумен шұғылдануға болады. Жұмыс жасауға болады интернет арқылы. Интернетке тәуелді болған адам шынайы өмірден алыс болады, дейді мамандар. Олардың айтуынша, қазіргі кішкентай балалар моторика, сенсорикасын дамытудың орнына қолдарына телефон ұстап, түсініксіз бейнелерге байланған.