Гандболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионы анықталды. Мұндай атаққа Франция құрамасы ие болды, деп хабарлайды Kazіnform.Финалда Франция мен Норвегия құрамалары кездесті. Ойын барысында қос құрама бір-біріне лайықты қарсылық көрсете білді. Бірінші кезеңде француз гандболшылары 21:18 есебімен басым түсті. Екінші кезеңде де олар сол қарқыннан тайған жоқ. Нәтижесінде Франция құрамасы қарсыласынан 31:28 есебімен сүріндіріп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Аталған құрама бұдан бұрын мұндай атаққа 2003 және 2017 жылдарда қол жеткізген еді. Ал 3-орын үшін сайыста Дания құрамасы Швециядан 28:27 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды. Биыл әлем чемпионатына қазақстандық гандболшылар қатысып, жалпы командалық есепте 30-орынға тұрақтаған еді. Қазақстандық гандболшы қыздар жарыстың алғашқы сатысында G тобында сынға түсіп, Испаниядан 17:34, Бразилиядан 16:46, Украинадан 24:37 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін әрбір топта төртінші орынды місе тұтқан құрамалар Президент кубогында екі топқа бөлінді. Екінші топта бақ сынаған қазақстандық гандболшылар алғашқы екі ойында Конго Республикасына 36:37, Чилиге 23:27 есебімен есе жіберсе, Иранды 33:29 есебімен сүріндірді. Нәтижесінде қазақстандық гандболшылар 29-орын үшін сайыста Парагвайға 30:36 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық гандболшылар әлем чемпионатына жетінші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші — 2007 жылғы 18-орын.