Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары ғарыш мониторингінің арқасында 73 өртті анықтап, уақтылы сөндірді.ШҚО төтенше жағдайлар департаменті өңірде ыстық әрі құрғақ ауа райына байланысты жұртшылыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертуде. Қызыл жалынның шыққанын бірден анықтап, оның ары қарай жайылуына жол бермес үшін ТЖД қызметкерлері ғарыш мониторингін пайдаланады. «Бүгінгі таңда ғарыш мониторингінің көмегімен 73 дала өрті анықталып, жедел ауыздықталды. Өрттің көбісі азаматтардың отты абайсыз пайдалануынан және қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауына байланысты шығып жатыр» - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Өміржанов. Оның айтуынша, өрт қаупі жоғары кезеңде еш жағдайда шөпті өртеуге, орманда от жағуға болмайды. Балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі туралы барынша түсіндіру қажет. Көлікпен жолда келе жатқанда терезеден сөндірілмеген темекі тұқылын лақтыруға тыйым салынады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336, 410-баптары бойынша жауапқа тартылады.