Газа секторында 7 қазаннан бастап қаза тапқандар саны 10 мыңнан асты.Газа секторында 10 мыңнан астам адамның қаза тапқаны туралы ақпаратпен өңірдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып, Al Jazeera бөлісті. Times of Israel басылымы 6 қарашада ЦАХАЛ-дың құрлық күштері өткен түнде Газа секторындағы ХАМАС содырларының басты бекіністерін басып алғанын жазды. Армия хабарламасында бұл пункт "Цитадель" деп аталады. Сонымен қатар, Израиль әскери күштері өткен тәулікте ХАМАС-тың бақылау бекеттері, жаттығу лагерлері және жерасты туннельдері орналасқан 450 нүктеге әуеден соққы берген.ЦАХАЛ мәліметтері бойынша, жердегі операция мен атыс-шабыс кезінде қозғалыстың бірнеше командирінің көзі жойылды. Олардың арасында ХАМАС арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы Джамал Мұса да бар. Газа секторында Израиль армиясының жердегі операциясы өз жалғасын табуда. Израиль билігі қазір Палестина анклавын басқаратын ХАМАС қозғалысын толығымен жоюға ниетті. Израильдің әуе шабуылдарына босқындар лагерлері мен басқа да азаматтық нысандар аракідік ілініп қалып жатыр. ЦАХАЛ ХАМАС содырлары өз нысандарын бейбіт тұрғындар орналасқан маңға әдейі орналастырды деп айыптайды. Әлемдік қауымдастық өз кезегінде Израильдің "күш қолдануына" алаңдаушылық білдіруде.