Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің кәсіби мансабындағы табысы белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жазды. Wealthy Gorilla басылымының мәліметінше, Головкиннің кәсіби мансабындағы табысы – 30 миллион доллар. Геннадий осы табысымен әлемдегі ең бай боксшылардың тізімінде 20-орында тұр. "Геннадий Головкин – көптеген жетістікке қол жеткізген қазақстандық боксшы. Ол орта салмақта екі рет әлем чемпионы атанған. Головкин 2017-2018 жылдар аралығында өз салмақ дәрежесінде үздік боксшы атанды және 394 рет жекпе-жекке шығып, ешқашан нокаутқа түскен емес. Ол әртүрлі брендтермен, соның ішінде әлемдегі ең қымбат сағаттарды шығаратын Hublot компаниясымен және Chivas Regal-мен жарнамалық келісімдер жасады", – деп жазды Wealthy Gorilla басылымы. Геннадий өзінің соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қыркүйегінде мексикалық Сауль "Канело" Альвареске қарсы өткізді. Бұл кездесуде қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіліске ұшыраған еді. Одан кейін Головкин рингке шықпады.