Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитеті Olympism 365 комисиясының мүшесі болып тағайындалды.Бұл туралы ХОК президенті Томас Бах Қазақстан ҰОК-ке ресми хат жазып, хабардар етті.«Сізді комиссия мүшесі етіп тағайындау – мен үшін үлкен мәртебе. Сізге комиссия жұмысына қосатын үлкен үлесіңіз үшін алдын ала алғыс білдіремін», – делінген хатта.Комиссияларды ХОК президенті Томас Бах жасақтайды. Бұл комиссия – ХОК-тың қызметін үйлестіріп, стратегияларын жасап, нақты бір шешім қабылдау үшін ұйымның Атқару комитеті мен жұмыс сессияларына ұсыныстар енгізетін комитеттің жұмыс органы.Olympism 365 стратегиясы серіктестермен әріптестік орнатуымен айналысады.Жобаның басым бағыты – халықтың денсаулығын жақсартып, саламатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыруды насихаттау, әділеттілік, қауіпсіздік және инклюзивтілік қағидаттарын нығайту, бейбітшілікті сақтау мен білім беру.Комиссия құрамына ХОК мүшелері, Олимпиялық қозғалыстағы танымал спорт функционерлері, сондай-ақ, Иорданияның тақ мұрагері, ханзада Фейзал әл Хуссейн, Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының президенті Себастьян Коэ, Катар ҰОК президенті, шейх Джоан бин Хамад бин Халифа әл Тани, белгілі спорт қайраткерлері мен танымал олимпиадашылар бар.