Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының төрағасы Елнұр Бейсембаев бүгінгі отырысты қорытындылай келе, әрбір министрлік өзіне тиесілі жүйелі сұрақтарға арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.«Бүгін 30-дан астам сұрақ қойып үлгердік. Бірақ бұл 30 сұрақтың артында, 30 мың жүйелі мәселе, түйінін таппай келе жатқан мыңдаған проблема мен кемі 3 миллион адамның тағдыры жатыр. Солай ғой, әріптестер?! Қазір ел арасында әкім, не министрді емес, депутатты іздейтін шаққа келдік. Халық қалаулысы әрбір азаматтың мұңын тыңдап, мәселесін нақты көтереді. Қажет болса, мемлекеттік органның жұмысын жасап, келген шағым-арызына жүйелі жауап береді. Бүгінде Мәжілістің жанында «Қоғамдық қабылдау» жұмыс істеуде. Депутаттар күнделікті ең кемі 20 адамның мәселесімен танысып, жеке қабылдау өткізеді. Бұл бір. Екіншіден, бүгінгі сұрақ-жауап дәстүрлі түрде тағы да ұйымдастырылып отыр. Халықтың мұң-мұқтажын көтеру, өңірдің мәселесін айтудан депутаттар тайынбас. Бұл өзгермейтін – аксиома. Үкімет мүшелері осыны нақты білуі тиіс», – деді Елнұр Бейсембаев. Оның айтуынша, Үкіметтің кейбір мүшелері, министрліктер әлі де жұмысын жүйелендіре алмай келе жатыр. «Сұраққа жауаптары жүйелі болуы мүмкін, бірақ артында маңызды шешім жоқ. Шешім болса, оны қабылдайтын мінез жоқ. Мысалы, Атырау – Астрахан, Омбы – Майқапшағай, Астана – Алматы тас жолдарын салып жатқанымызға ондаған жылдар болды. Президенттің өзі осыдан 2,5 жыл бұрын Үкіметке Астана – Алматы трассасын 2023 жылы аяқтау қажеттігін тапсырды. Астана – Алматы жолын салу үшін 5 жылда жарты триллион қаржы жұмсадық. Биыл бұл маңызды тас жолы аяқталады ма, әрине аяқталмайды. Президенттің тапсырмасы орындалмады. Келесі мәселе. Медициналық міндетті сақтандыру – жыры мен сыры бітпейтін жоба болып келеді. 3,5 миллион азамат әлі де мүлдем тіркелмеген, тіркелсе жарна төлемеген. Соның салдарынан триллион теңге түсім болмаған», – деді ол. Оның айтуынша, ауылда сапалы маман жоқ, фельдшерлерді таситын көлік жоқ. Емханалардың қарыздары миллиардтап өсіп келеді. «Қарапайым халық, ақылы қызметтерге жүгінуге мәжбүр. Шындықты елге айту керек, МӘМС жүйесі өзін ақтамады деп. Елді шулата бермей, түбегейлі реформа қажет деп ойлаймыз. Үшінші. Мемлекеттік сатып алудағы проблемалар – қоғамның дертіне айналғаны анық. Бір объект үшін жылдарға созылған сот процестері таусылар емес. Халық нәтиже күтеді. Ал, Үкіметке процедуралары маңызды. Меніңше, бұл жүйе – мемлекеттік органдардың коллективтік жауапсыздығына алып келгендей көрінеді... Соның салдарынан құрылыс аяқталмайды, мыңдаған бала мектепке бара алмайды, тұрғындар ем-домын ала алмайды, спорттық нысандар тұралап, жол жөнделмейді. Төртінші. Еліміз бойынша 7 өңірде 9 ТЭЦ-тің іске қосылуы бойынша қауіп-қатерлер бар. Жылыту маусымы кешеден бері басталды. Бірақ, еліміздің батыс пен оңтүстік өңірлерін айтпаған да, шықырлаған қысы бар – Екібастұз, Риддер, Теміртаудың ТЭЦ-тері әлі толық іске қосылмаған. Бір жерде қазандық салынып бітпесе, бірінде құрылыс аяқталуы үшін керек-жабдықтар әлі жеткізілмеген. Әріптестерім айтқандай, халқымыз жаурап қалса, «AMANAT» партиясы мыңдаған жылытқыш апарады деп күтіп отырсыздар ма?! Бесінші. Биылдан бастап Президенттің қолдауымен бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанып отыр. 1,5 миллион баланы нақты қолдау деген осы», – деді ол. Дегенмен, келер жылы бұл мәселені жергілікті бюджет арқылы шешу жоспарлаған. «Біле білсеңіздер, еліміздің 17 облысы дотациялық өңірлер. Оның ішінде, балалардың тегін тамақтануына – Түркістан өңірінде 19 млрд., Жамбыл мен Қостанай облыстарына 12 млрд-тан астам қаржы керек, яғни жергілікті бюджеттің қомақты бөлігі тамақтануға кетеді. Меніңше, осы мәселені Үкімет әлі де жан-жақты пысықтауы керек. Бұл мәселені әкімдікке ысыра салу жарамас. Қаңтар басында балалар тамақсыз қалып, елді шулатып алмайық. Алтыншы. Өңірдегі бірінші қойылатын сұрақ – қымбатшылық. Өкінішке қарай, ел азаматтарының әл-ауқаты төмендеп бара жатқаны анық байқалады. Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді осы орнаған жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Мысалы, кеше ғана ұнның бір қабы бірден 5-6 мың теңгеге қымбаттауы ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреуде. Егін егеміз, миллиондаған тонна бидай орамыз, ал нәтижесінде ұн қымбат. Бұл бір ғана мысал. Жетінші. «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген қаржы уақытылы игерілмей тұр. Әріптестерім көтергендей, 100 млрд теңгенің тек жартысы ғана шаруалардың қолына жетті. Меніңше жұмысты үйлестіруде әкімдіктер солқылдақтық танытып отыр», – деді Елнұр Бейсембаев. Ал бұл өз кезегінде майда шаруалардың дамуына жол бермеумен пара-пар. «Дегенмен, Тамара Қасымқызы сіздің бастамаңызбен Үкімет жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылды. Біздің ұсыныстар қарастырылып жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Осы жұмысты бірге пысықтап, аталған қаражатты дер кезінде адал шаруаларға үйлестіруміз керек. Бұл ертең әрбір ауыл тұрғынының жағдайын түзеуге үлкен септігін тигізеді. Құрметті әріптестер! Байқағандарыңыздай депутаттар барлық мәселеден хабардар. Елмен етене араласып, әрбір проблеманы шешу үшін жұмыс жасайды. Бүгінгі ел тұрғындарының мәселесін талқылаудан қорытынды шығарып, әрбір министрлік өзіне тиесілі жүйелі сұрақтарға арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет деп ойлаймыз. Әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға халық тойды. Сөзбен емес, іспен дәлелдейік әріптестер», – деді ол.