Бұл туралы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Жақында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл – тарихи белес. Оған бүкіл ел болып қуандық. Халық санының көбеюі мемлекетіміздің дамуына қосымша серпін беріп, елімізге абырой әкелетініне еш күмән жоқ. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – барша жұртымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткенін еске салды. «Бұл – еліміздегі медициналық қызметтің сапасымен қатар, азаматтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр деген сөз. Ұлт руханияты да жаңаша өркен жайып келеді. Ірі қалаларда, ауыл-аймақтарда мәдени жаңғыру байқалуда. Мысалы, еліміздің әр түкпірінде апта сайын ондаған концерт, спектакль қойылады. Соған қарамастан жұрт театрға билет таппай жатады. Қоғамымызда, әсіресе жастар қауымында креативті индустрия қарқынды дамып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс», - деді Президент.