Премьер-министр Әлихан Смайылов инвестиция тартудағы кемшіліктерге қатысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 8 ай ішінде негізгі капиталға инвестициялар тарту қарқыны және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9,6 триллион теңге болғанын, бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларына қарағанда 12,2 пайызға артық екенін баяндады. Оның айтуынша, қаражаттың көп бөлігі тау-кен өнеркәсібіне, жылжымайтын мүлік секторына, көлік және қоймалауға, өңдеу өнеркәсібіне тартылған. 20 өңірдің 13-і межелі міндетті асыра орындады, оның ішінде Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы және басқа да өңірлер бар.Премьер-министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 триллион теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Алайда, 8 айдың қорытындысына сәйкес жылдық жоспар небәрі 52 пайызға орындалған. Осыған байланысты, жоспарды орындау үшін кейбір өңірлер мен мемлекеттік органдар өткен айларға қарағанда өте ауқымды көлемде инвестиция тартуы қажет. Әлихан Смайылов негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төмен көрсеткіш тіркелген, яғни есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54 пайызын орындаған Ұлытау облысын мысал ретінде келтірді."Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвестициялар биыл тартылатын болса, онда біз нәтижесін келесі жылы көреміз. Ал, мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп отыратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруі тиіс. Жұмыс орындары қазір керек", - деп сынға алды Үкімет басшысы.Ол кейбір инфрақұрылымдық аяқталмауына байланысты жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосу кешіктіріліп жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр."Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбдіғалиұлы (Ұлытау облысының әкімі), бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да, сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда, жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешуге ұйымдастырыңыз", - деді премьер-министр.Оның айтуынша, Алматыда да бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тоқтап қалған. Жалпы, биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 млрд теңгеден астам қаржы салынбаған.Бұл мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады, алайда ұсынылған ақпарат Үкімет басшысын қанағаттандырмады.