Индербор кентіндегі бес қабатты үйдің пәтерінде болған өрт салдарынан қаза тапқан екі баланың 29 жастағы анасы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны белгілі болды,-деп хабарлайды Ақжайық. Еске салсақ, 25 сәуірде сағат 05:37 минутта Индер ауданы Индербор кенті Махамбет көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінде түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түсті. Үйдің жатын бөлмесінен 2014 ж.т. және 2017 ж.т. балалардың өлі денелері табылды. 1995 ж.т. анасы мен азаматтық некедегі 1994 ж.т. күйеуі ес-түссіз күйде табылып, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жедел жәрдеммен жеткізілді. Денесінің 90 пайызын күйік шалған әйел аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесінде өртке себепші болған күдікті 31 жастағы ер адам Орал қаласына кетіп бара жеткен жерде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.