Интернет сапасы нашар. Соған қарамастан тариф 60 процентке қымбаттады. Бұл халықтың қитығына әбден тисе керек, былтыр 21 мың адам шағым жазған. Биыл 5 айда наразы жұрттың саны 11 мыңға жетті. Тұрғындар ауылды былай қойғанда, қаланың өзінде телефон арқылы емін-еркін тілдесу мүмкін емес, - дейді. Үкімет басшысы министрлікке мәселені шешу үшін 3 ай уақыт берді. Жауаптылар жылдап жете алмаған жетістікке осы мерзімде жете ала ма? Аружан Задабектің сюжеті. Елімізде 6290 ауыл бар. Оның тек 4866-ы интернетке қосылған. Қалған 1424 мекеннің мәселесі қашан шешілері белгісіз. Бұл – министрдің баяндамасы. Цифрлық даму министрлігінің бұрыңғы басшысы «біз Токиодан асып кеттік» деп мақтанып еді. Жаңадан келген басшы олай айта алмады. Жұрттың пікірінен қорықты ма, әлде өтірік сөйлегісі келмеді ме, қайдам, әйтеуір үнсіз құтылуға тырысты. Жаслан МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:Жұмыс істейміз. Сапасы төмен жерлер бар. Оны енді отрицать не можем. Мусин кезінде Токиодан асып тұрмыз дегені бекерден-бекер айтпаған екен. Шетелдік рейтинг сол кезде Қазақстанды 64-орынға қойса, Жапонияны 65-ке жайғастырған. Ал биыл бұл көрсеткіш өзгерді. Еліміз 66-орында. Бұл Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстанға қарағанда жоғары. Мұндай статистиканы майын ағызып тұрып айтамыз. Осылай мақтанып отырғанда Үкімет отырысы кезінде байланыс үзіліп кетті. Интернет сапасы талқыланып жатқанда жиында интернеттің итеріп жібергені ұят емес пе?! Бұл «интернет сапасы нашар» деп жүрген тұрғындардың сөзіне дәлел болды. Үкімет басшысы осыдан кейін министрлікке мәселені шешу үшін 3 ай уақыт берді.Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:Тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс. Сондықтан байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екені белгілі. Біз сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Үкімет басшысы тариф бағасына қатысты да сын-ескертпесін айтты. Инфрақұрылымды жаңартуды тапсырды. Ал министр 2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыс саласына 450 млрд теңгеден аса инвестиция салуға уәде берді.