20 отандасымыз Ирак Республикасында заңсыз жұмыс істеген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Қазақстан елшілігі оларды соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге қол жеткізді деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ: Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп Ирак аумағынан шығып кетті. Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. Осыған дейін 7 қазақстандық азамат Ирак Республикасында жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған. Аталған заңбұзушылық үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 500 мыңнан 3 млн ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ: Бізге мәлім болғандай, өткен жылдың қараша айында олардың 5-і ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырған. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өткізілді. С. Оралбеков