Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторындағы туннель желілеріне теңіз суын айдай бастады.Бұған дейін Израиль армиясы Газа секторындағы ХАМАС туннель жүйелерін теңіз суына толтыру үшін құбырлар орнатқан. Анклавтың солтүстігіндегі «Аш-Шати» босқындар лагерінің маңына бес құбыр орнатылды. Құбырлардың көмегімен ХАМАС туннельдерін Жерорта теңізінің суымен бірнеше аптада-ақ толтыруға болады. Израиль Қорғаныс министрлігінің өкілі туннельдердегі операциялар құпия деп, түсінік беруден бас тартты. Алайда Wall Street Journal Израиль армиясының операциялары жайлы білетін америкалық шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, су айдау процесі басталғанын және жерасты инфрақұрылымын бұзу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жазды. Естеріңізге сала кетейік, ЦАХАЛ-дың ресми өкілі контр-адмирал Даниэль Хагари Израиль әскерінің Палестина алаңының астынан Газа қаласының үлкен туннельдер желісін тапқанын айтқан болатын. Сонымен қатар Израиль мен ХАМАС арасындағы кепілге алу туралы жаңа келіссөздер келесі аптада жүргізілуі мүмкін екені хабарланды.