Израиль Газа секторындағы тағы 320 нысанды тас-талқан еткенін мәлім етті. Палестина билігі тұрғын үйлер «ескертусіз» соққыланғанын атап өтті. Бұл туралы Астана телеарнасы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. ЦАХАЛ Х әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) хабарламада ХАМАС инфрақұрылымын, оның ішінде туннель мен жедел штабтарды соққылағанын мәлімдеді. Сондай-ақ онда шабуыл израильдік күштерге қауіп төндіруі мүмкін, әрекетке – яғни жер астымен басып кіруге дайындалып жатқан нысандарға жасалғаны айтылған. Израильдің солтүстігіндегі қызметі туралы жеке есепте ЦАХАЛ күштері Ливанмен шекарадағы «Хезболланың» төрт ұйымына соққы жасағанын хабарлаған. Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галлант ХАМАС-қа қарсы науқан «бір ай, екі ай, үш айға созылуы мүмкін... және соңында ХАМАС жойылады» деп атап өтті. Галлант «ЦАХАЛ-ды (Израиль қорғаныс күштері) ештеңе тоқтата алмайды» деп толықтырды. «Бұл – біздің Газа секторындағы соңғы операциямыз болуы керек, себебі одан кейін ХАМАС ұйымы болмайды», - деп уәде етті ол. Министр Әскери әуе күштеріне алғыс айтып, келесі кезең – көптен күткен жер бетіндегі операция болатынын, оған аз қалғанын мәлім етті. Бірақ ол «ХАМАС біздің танк және жаяу әскерімізбен кездеспес бұрын, авиацияның снарядтарымен танысады» деді. Әзірге ЦАХАЛ жер бетіндегі операцияны қашан бастайтыны белгісіз. Сол аралықта, Палестина Ішкі істер министрлігі қазір ғана Газа секторының солтүстігіне жасалған Израильдің екі шабуылынан 17 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алғанын хабарлады. Ресми тұлғалардың сөзінше, бүгін таңертең олардың бірі Джабалиядағы үйге, екіншісі Әл-Фалуга ауданындағы пәтерге түскен. Газа секторының орталық бөлігіндегі Дейр-эль-Балахта тағы 10 адам өлтірілді, деп толықтырды министрлік. Жексенбі күні Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген 14 жүк көлігі жетті, бірақ БҰҰ одан айтарлықтай көп көмек керек екенін ескертті. Жақын күндері Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте мен Франция президенті Эммануэль Макрон Израильге барады деп жоспарланған.