Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан тағы 755 адам қаза тауып, жалпы саны 6546-ға жетті.Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ашраф әл-Кудра хабарлағандай, эксклавтағы израильдік шабуыл құрбандары арасында 2704 бала, 1584 әйел және 364 қарт адам болған. Сонымен қатар аумақтың 17 439 тұрғыны зардап шекті. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі соңғы тәулікте Израиль тарапынан 44 жаппай шабуыл жасау дерегі тіркелгенін атап өтті. Сонымен бірге Израиль әскерилері Газа секторының оңтүстік аймақтарын көбірек атқылаған. «Келіп түскен ақпарат бойынша қираған үйлердің үйінділерінің астында 1600 адам жатыр, оның 900-ге жуығы – балалар», - деді Ашраф әл-Кудра. Ол өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайдың күрделілігін де атап өтті. «Денсаулық сақтау нысандары да шабуылға ұшырады. Зымыран атықлауынан 57 мекеме, 25 жедел жәрдем көлігі зақымдалып, 73 медицина қызметкері қаза тапты», - деді әл-Кудра. Оның айтуынша, бүгінгі ахуал денсаулық сақтау жүйесінің істен шығуына әкеліп соққан. «Газадағы денсаулық сақтау жүйесі бұзылып, толығымен жойылды» деді ол. Айта кетерлігі, Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағалы бері 1400-ден астам израильдік қаза тапты.