Мәжіліс жаңа үш жылдық бюджетті бекітті. Қаражаттың 30%-дан астамы өңірлерге бөлінді. Енді Ұлттық қор қаражатын басқару саясаты өзгереді. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тартылмақ. Ақбота Базарбай тарқатып айтады. Ұлттық қордың қаржысын қиын-қыстау кезде жұмсауға болады. Қор сол үшін де құрылған. Әуелі пандемия деді, одан геосаяси ахуал, Президент ұсынған жаңа міндеттер бар. Осыны айтып Үкімет Ұлттық қордан тағы да ақша сұрап отыр. Ешкімнің бетін қайтармайтын Мәжіліс бұл жолы да қолын қаққан жоқ. Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: Заң жобасының ережелері Ұлттық қордың жинақ функциясын қамтамасыз ету жөніндегі Бюджет кодексінің талаптарын ескере отырып айқындалған. Бұл ретте Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтауда. Ұлттық қор "Шықпа жаным, шықпа" деуге шақ тұр. Биыл үкімет елдің экономикалық дамуын қолдау және әлеуметтік міндеттемелерді орындау мақсатында Ұлттық қордың инвестициялық табысының басым бөлігіне қол салды. Бюджет балансындағы теңгерімсіздік биыл да әдеттегідей Ұлттық қордың қаражатымен толтырылмақ. Депутаттар болашақтың ақшасын үнемсіз пайдаланып жатырсыңдар деді. Өйткені қор өткен жылдың өзінде 1 трлн 300 млрд теңгеден аса шығынға батқан. СНХНұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Ұлттық қордан болашақта қаражат алуды тоқтатып, оның тиімділігін арттырумыз керек. Дайын қаражатты басқара алмау да дұрыс емес қой. Ал енді республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін осы заң жобасын әзірлеп отырмыз. Республикалық бюджеттің тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуы керек. Осы мәселені түпкілікті шешу үшін қандай шешім қабылданады? Ұлттық экономика кепілдендірілген трансфертке жыл сайын 2 трлн-нан аламыз десе, Қаржы министрі келер жылы қордан 3,6 трлн. теңге көлемінде трансферт тартамыз деп отыр. Оның 1 жарым триллионы нысаналы трансфертке жоспарланған. Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: Аталған қаражаттар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту. Сондай-ақ, ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік объектілерді салу қарастырылған. Келер жылға арналған шығыстар биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгеге болжанып отыр. Десе де, құжаттар мақұлданды. Жоғары палатаға жолданады. Мәжіліс спикерінің сөзінше, бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуы әрбір депутаттың жауапкершілігінде. Ал құжат елдің тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді деді. Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялады. Оның түпкі мұраты халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда Республикалық бюджет бірінші кезекте Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталып отыр. Ең бастысы бұл құжат әлеуметтік міндеттемелерді толық атқаруға, елдің тұрмысын жақсартуға толық мүмкіндік береді. Ұлттық қорда қанша қаржы бар? Мөлшерлесек айтарлықтай көп емес. «Егер мынадай қарқынмен кертіп емес, кесіп жей берсек, оның түбі көрінер күн алыс емес», – дейді депутаттар. Олар Үкіметке тарта жесең, тай қалатынын жұқалап жеткізгендей болды.