Танымал әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков Төреғали Төреәлінің жағдайына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Ол қазақстандықтарды Төреғалидің ата-анасына ауыр сөз айтпауға шақырды. "Айналайын ағайын! Сөге жамандамаңыздар. Ата менен ана баланың өзін туғанымен мінезін тумайды. Айтыңыздаршы, қай ата-ана балам жаман болсын деп тәрбие береді екен? Қой ақсағымен 1000 деген қазақ, Төреғали жаман дегенде бізге жақсысын кім береді? Барымызды түзеп жолға салуымыз керек ағайын. Мен сіздерді жақсы түсінемін, сіздер де бүгінгі жағдайды түсініп қарасаңыздар екен деген мендегі ниет. Онсызда бұл бала өзіне тиесілі Алланың жазғанын көріп жатыр. Жығылғанға жұдырық деп, онсызда езіліп отырған ата-анасының жүрегіне сызат салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ағайын, ертең қай-қайсымыздың болса да алдымызда не күтіп тұрғаны бір Аллаға мәлім. Ата-ананы Алла баласымен сынамасын!" - деп жазды Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков.Кейбір Желі қолданушылары оның сөзіне қосылған."Дұрыс айтасыз. Итің жаман десе, намыстанатын қазақпыз. Жығылғанға жұдырық болу - санасыздың ісі. Бастысы Төреғалидың басы аман. Маңдайға жазғанды көреді. Әндері құлаққа жағымды, жақсы әншіміз ғой", - дейді олардың бірі.