Қордайдағы қалашық қараусыз қаңырап бос тұр. Жамбыл облысындағы коттедждердің құрылысы осыдан он жыл бұрын басталған. Әлі күнге біткен жоқ. Сақалды құрылыс қаңғыбастардың мекеніне айналды. Құрал-жабдықтар қолды болып, іші қоқысқа толды. Тұрғындар бітпеген құрылысты бұзып тастауды талап етуде.Қордайдың кіре берісінен 16 гектар жер бөліп, 20 коттедж салынды. Қаз-қатар тұрғын тұрғын үйлердің құрылысы басталғанына 10 жылдан асып кетті. Ауыл жұртының қуанышы ұзаққа созылмады. Жарты жолда тоқтап қалды. Енді маңайдағы елдің мазасы қашып отыр. Себебі құрылыс заттары тоналып, іші қоқысқа толғандықтан қаңғыбас иттер қаптап жүр. Алғашында қаржы құйған жеке меншік компания үлескерлер есебінен бітіруі тиіс болған. Бірақ бұл жоба түсініксіз жағдайда сол күйі тоқтап қалыпты. Ырысбек НҰПЫБАЕВ, ҚОРДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жалғыз мына жерде қорқынышты бір шетінен. Көршілер келсе мына жерге тезірек, сол дұрыс болар еді. Ұрлыққа түседі, келеді, тонайды. Сындырып кетеді. Мұнда бастапқыда 40 үй тұрғызылуы тиіс болған. Аяқсыз қалған құрылысты жергілікті 4 кәсіпкер бірігіп 1 млрд теңгеге сатып алыпты. Енді олар шағын қалашықтың инфрақұрылымын реттеп істі аяғына жеткізейін десе, мекен-жай құжатын ала алмай отыр. Ержан САТЫЛҒАНОВ, КӘСІПКЕР: Сол адресі жоқ, қалған құжаттардың барлығы бар, жобамыз бар. Сол құжат жағынан жәрдем болса деген ойдамыз. Мұқтаж, жетім-жесірлерге берсек пе деген ойымыз бар. Ақшасыз, былай сыйлық қып. Жеке компанияның жобасы болғандықтан жергілікті әкімдік басын ала қашқан. Ал мекен-жайына қатысты қағаз нұсқасы базаға енбей қалды деп түсіндірді. Нұрболат САТЫМҚҰЛ, ҚОРДАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ: 2012 жылы құжат айналым тек қағаз жүзінде іске асқандықтан «Сәулеттік жоспарлау тапсырмасын» беру стандарты базасына енгізілмеген. Қазір таңда жеке тұлға аудан әкімдігінің сәулет және құрылы бөліміне қайырылу керек. Он жылдан бері жауаптылар айға қарап отырды ма, әлде бұл кешеннің құжаттары әкімдіктің есіне енді түсті ме? Енді бір ай ішінде мұрағаттан қажетті құжаттарды табуға тырысамыз деп отыр.