Жамбыл облысынан осыдан 3 мың жыл бұрын қолданылған қазан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Көне жәдігерді Бесағаш ауылының маңынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы- археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып, тарихи жәдігермен танысты. Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70 см, диаметрі – 66 см."Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елдімекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуынан соң, Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми-зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек", – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев. Тарихшы қазан ернеуіндегі ою-өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандары қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі. Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.