Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер жаппай уланды, деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі, - деп жазды halyq-uni.kz.Басқарманың мәліметінше, Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына 48 адам келіп түскен. Олар мектеп асханасында түскі ас ішкеннен кейін уланған. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. Екеуі ересек, қалғаны — балалар. Негізінен 7-10 жасар балалар келіп түсті. Бәрі — Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозы қойылды, - деп түсіндірді ведомстводан. Дәрігерлер ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағалап отыр. Инфекционист, педиатр, токсиколог, реаниматолог-анестезиолог мамандар бүкіл диагностикалық және емдеу шараларын жасап жатыр. Пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР бас инфекционисімен консультация жүргізіледі. Жағдай тұрақты, бәрі облыстың денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, - деп нақтылады басқарманың баспасөз қызметі.