Жамбыл облысында егістік алқаптарға су жетпей жатыр. Себілген дән шықпай, шаруалар шырылдауда. Мұны олар «Исмаил» арнасын қайта жөндеуден өткізу жұмыстарының ұзаққа созылуымен байланыстырады. Мәселе шешілмесе, диқандар егінсіз қалып, үлкен шығынға ұшырауы әбден мүмкін.1500 гектар жерге 30 шақты диқан егін еккен. Көктемнің басында себілген дән көктемей, судың жоқтығынан солып шықпай жатыр дейді олар. Фахардин Шарипов биыл 40 гектар жерге пияз егіпті. Әр гектарға 950 мың теңге жұмсаған. Фахардин ШАРИПОВ, ДИҚАН: Бізге айтқан су 15 апрельде болады деп. Сол үшін біз ектік. Уақытылы бәрін жасадық. Енді су жоқ. Мынау шыдамайды қазір. Бір жұмада су келмесе пияз шыдамайды. Ахат ИСМАИЛОВ, ДИҚАН: Бір қатарда әр метр сайын 80-ге жуық дақыл шығуы керек еді. Қазір дәннің 5-6 данасы ғана жарып шыққан. Мұндай өніммен біз салған қаржымызды да ақтай алмаймыз. Жаңбырлатып суару үшін мына құрылғыны орнатқанбыз. Енді босқа тұр. Біз онсыз да бір айға кешігіп жатырмыз. Ұзындығы 18 шақырым Исмаил каналындағы механикалық тазалау жұмыстары кеш басталған. Сондықтан су тапшылығы сезілуде дейді мамандар. Ол аздай арна бұзылып, су тарату тоқтатылған. Канал 10 күннен қайта жөнделіп, су беріле бастағанда басқа тұсынан жарықшақ пайда болыпты. Ерлан ӨТЕГЕНОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Авариный участокты толықтай бетондау жұмыстарын жасаймыз. Жарылған жер 60 метрдей. Біз артығымен алып жатырмыз. 300 метрдей Г блокпен толық бетондалады. Жауаптылар пайда болған жарықшақтар мен канал арнасын қайта қалыпқа келтіріп, су берілгенше бір аптадай уақыт қажет дейді. Ал оған дейін егістік алқаптарына тіршілік нәрін жеткізудің басқа жолдары қарастырылып жатыр. Ербол ЖИЕНҚҰЛОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Райс каналының бойындағы Қаратау елдімекенінің шару қожалықтарымен де келіссөздер жүргізіп, толығымен бір рет поливке мынау каналдың біткеніне дейін суды беру мүмкіншілігін толық қарастырып отыр. Толығымен осы Райс каналымен барлық мүмкіншілікті пайдаланып егілген дақылдардың барлығын сақтап қалу мақсатында жұмысын жүргізіп жатыр. Жамбылда 264 су арнасы бар. Оның барлығын қайта жаңғырту үшін Еуропалық даму банкі мен республикалық бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінген. 2019 жылдан басталған құрылыс жұмыстары биыл толықтай аяқталуы тиіс.