Жамбыл облысы Меркі ауданында демалыс орнында кәмелетке толмаған екі бала суға тұншығып қайтыс болды.Оқиға 2 тамыз күні кешкі сағат 18:58-де Меркі ауданы Меркі ауылы Исмаилов көшесі 200 «Б» мекенжайында орналасқан «Big Family» демалыс аймағының аумағында болған. «Демалушылар 2012 жылы және 2010 жылы туған екі баланың денелерін судан алып шықты. Олар ересектердің қарауынсыз және демалыс аймағының құтқарушыларының назарынан тыс қалып, көше бассейнінде жүзу кезінде суға батып, оқиға орнында қайтыс болды», – деп хабарлады Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында ата-анасының қарауынсыз қалған екі ер бала суға батып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Жамбыл облысының Шу қаласында жергілікті тұрғын кәріз тазарту қондырғысынан 2013 жылы туған екі баланың денесін тауып, алып шықты. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 9 шілде күні сағат 18:00-дер шамасында болған. Ересектердің қарауынсыз қалған балалар ойнап жүріп, суға құлап, батып кеткені анықталды.