Қазақстан Республикасының премьер-министрінің өкімімен "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Осыған сәйкес, облыстың бұл аудандарында ауа райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан болған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі қаралып жатыр. Еске салайық, жалпы, биыл облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны былтырмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп күтіледі.Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биыл шілденің ортасында ҚР премьер-министрінің төрағалығымен өткен кеңесте облыс басшылығының бастамасымен өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтерілген болатын.Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.Топ құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің, "Қазсушар" Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енген.Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді.Бұдан бөлек, ҚР премьер-министрі Әлихан Смаилов облысқа жұмыс сапары барысында да бірқатар жергілікті шаруамен кездесіп, қалыптасып отырған жағдаймен танысқан еді.Бұл жұмыс тобының жан-жақты жұмыстарының нәтижесінде Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізіліп, ұсыныс қолдау тапты.Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл) шығынды анықтау бойынша құрылған жұмыс топтарының ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен жұмысы жалғасып жатыр.Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемін анықтау шаралары вегетациялық кезең аяқталғанша нақтыланып, жақын күндері жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалатын болады.Бұл ретте, Жамбыл облысының әкімі жауаптыларға шаруалардың шығын көлемін анықтау нақты дәлелмен әрі заңды түрде жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстау бойынша хаттамалық тапсырма жүктеді.