Күннің жылынуына байланысты Жамбыл облысының аумағында еріген қар суы аулаларға жайылды. Облыстағы ахуал бақылауда тұр. Төтеншеліктердің мәліметінше қазір Тұрар Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарында бірнеше елді мекенде аула аумақтарын еріген қар суы басқан. ЖАО және ТЖД күшімен аула аумақтарынан еріген қар суын сорып шығару және бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр.Рысқұлов ауданы бойынша жағдай тұрақты. 60-қа жуық адам, 6 техника және 4 мотопомпа жұмылдырылған.Шу ауданында да осындай жағдай, ол жерде де құтқарушылар жұмыс жүргізуде. Сарысу ауданында бір аула аумағынан су айдау жұмысы басталды.Рысқұлов ауданының бірқатар елді мекендеріндегі жұмыс аяқталған соң күш-құралдар кезекшілік атқару және қажетті жұмысты жүргізу үшін Жақсылық ауылына жіберілді. «Құрметті азаматтар! Есіңізде болсын, арық жүйесін уақтылы тазарту, қар шығару, арықтарды қоқыстардан тазарту және басқа да алдын алу шаралары - маңызды профилактика саналады және тұрғын үй мен көшелерді су басудың алдын алуға көмектеседі» деп ескертті ТЖМ.Естеріңізге сала кетейік, облыс аумағында 4-10 ақпан аралығында дауылды ескерту жарияланған.