Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын көтеруді ұсынды. Халық қалаулысы нанның құны кемінде 500 теңге болуы керек деп есептейді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.Депутаттың пікірінше, бағаның өсуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың басты тетігі болып табылады."Шынымды айтсам, нан бағасы өте арзан. Мен өзім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісімін. Менің еккен бидайым қазір 100 теңгеден де өтпей жатыр. Сол үшін нанның құны кемінде 500 теңге болуы керек. Сонда біздің ауылдың жағдайы жақсарады. Мұны халықтың қалтасы көтереді",- деді Мейрамбек Дөненбаев. Оның айтуынша, 500 теңге – халық үшін қолжетімді баға."Өйткені қазір қоқыста басқа нәрсе емес, нан жатады. Шұжық, ет өнімдері жатпайды. Өйткені ол қымбат", - деді Мейрамбек Дөненбаев. Депутаттың өзге әріптестері бұл пікірмен үзілді-кесілді келіспейді. Олардың айтуынша, нан бағасын 500 теңгеге дейін көтеру халықтың қалтасына тым қымбатқа түспек.