«Мүгедектік мүмкіндікті шектемеуі тиіс». Параволейболдан Жаңаөзен командасының бапкері осылай дейді. Шәкірттері - ерекше қажеттіліктері бар жандар. Алайда, олар өмірлік қиын жағдайларына қарамастан, биіктерден көрініп жүр. Спортпен кәсіби түрде айналысып, еліміздің көк туын желбіретуге үлес қосуда.Бұл Жаңаөзен волейбол командасының кезекті жаттығуы. Олар көп уақытын осы залда өткізеді. Тағдырдың ауыр сынағаны кез болған спортшылар қиындыққа қарсы тұра білді. Осыдан 14 жыл бұрын өндірістік жарақаттан оң қолынан айрылған Мұрат Оңғарбаев қазір танымал ойыншылардың қатарында. Мұрат ОҢҒАРБАЕВ, СПОРТШЫ: Бір кезде шахматпен айналысып жүргем. Одан кейін осы залда параволейбол көріп, қызығып кеттім. Ойыншылардан бірге жаттығуға, өзімді сынап көруге бола ма деп сұрадым . Олар «жақсы» жеп бірден келісе кетті. Басында, әрине, қиын болды. Мен бұрын оңақай болатынмын. Оң қолымнан айрылдым. Бейімделуге ұзақ уақыт кетті. Ақыры үйрендім. Команда құрамында бүгінде 60-қа тарта ойыншы бар. Параволейболшылар осы күнге дейін 11 дүркін Қазақстан чемпионы атанып үлгерген. Команда мүшелері волейболдан бөлек штангамен, шахматпен және басқа да спорт түрлерімен айналысады. Олар осы жетістіктерге жетуімізге Қазмұнайгаз компаниясы көп көмегін берді дейді. Құралбек СЕИДОВ, ЖАҢАӨЗЕН ПАРАВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Біз басында мектептердің спортзалдарында жаттығып жүрдік. Ол жерде балаларға қиын болды, еден суық. Содан соң Қазмұнайгаз компаниясына жағдайымызды айттық. Олар бірден қол ұшын созды. Қажет кезде спорт залын береді, спорттық жабдықтармен қамтамасыз етті, форма киімдерін алып берді. Біз үшін ең маңыздысысы - спорт залы. Жаттықтырушы көптің көмегі команданың дамуына қолдау болды дейді. Спортшылардың жігерлендіріп, жеңіске деген ынтасын арттырған. Құралбек СЕИДОВ, ЖАҢАӨЗЕН ПАРАВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Олар бұрын волейболдан басқа бізде ештеңе жоқ деп ойлайтын. Мен, жоқ, бізде бәрі болуы керек дедім. Мүмкін емес нәрсені біз жасауымыз керек дейтінмін. Міне, қазір жастарымыз чемпион атанды, штанга спортынан команда жасақтадық. Бізде қыз бар, екі аяғы жоқ, оның аты Динара, ол қазір құрамадағы ең жас ойыншы, қазір дайындалып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан тарихында тұңғыш рет қазақстандық волейболшылар 2024 жылы Парижде өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды. Қазақстандық құрамаға Маңғыстау облысының үш спортшы енген.